АСТАНА.KAZINFORM - 2025 жылы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана мен оның агломерациясын газдандыруға ерекше ден қойды. Сонымен қатар өңірлерді көгілдір отынмен қамту күшейді. Оған дәлел, биыл 95 елдімекенде 350 мың адам газға қол жеткізсе, 2026 жылы тағы 41 елдімекенге газ берілетін болады. Мәселен, егер 2024 жылдың 1 қаңтарында ел тұрғындарының 62%-ы газбен қамтамасыз етілсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64,2%-ға дейін өсті. Бұл ретте, ішкі нарықта газ тұтыну көлемі үнемі өсіп келеді: жыл қорытындысы бойынша тиісті меже 20,4 млрд м³ құрады. Ірі жобаларды жүзеге асыру және жаңа магистральдық газ құбырларын қосу арқасында жүздеген елдімекенде өмір сүруге қажет қолайлы жағдай жасалып, қарқынды дамуға мүмкіндік туды.