24KZ
Премьер-министр Олжас Бектенов «Астана ЕТКОМ» ет өңдеу зауытының алаңында болып, өндірістің технологиялық үдерісімен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Кәсіпорын директорының айтуынша, зауыт биыл екінші тоқсанда қолданысқа беріліп, жылдық қуаты 18 мың тоннадан астам дайын өнімді құрайды. Шикізат «Айтас», «KazBeef» сынды отандық өндірушілерден және өңірлердегі шаруа қожалықтарынан сатып алынады. Алғашқы кезеңде мұнда 100-ге жуық жұмыс орны ашылса, толық қуатқа шыққаннан кейін 300-ге тарта адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ал мамандарды даярлау мақсатында кәсіпорын колледждер мен басқа да оқу орындарының студенттерін арнайы оқытудан өткізген. Үкімет басшысы терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттарының бірі боп қала беретінін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет аграрлық секторды қолдауды күшейтіп, оның ішінде биологиялық қауіпсіздіктің негізі саналатын ветеринария саласын дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және бақылау жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп отыр.
Go to News Site