24KZ
Павлодар облысының Шарбақты ауданында жағдай күрт қиындады. Орманды аймақтарда орналасқан бірнеше ауылдың тұрғындары сары масаның жаппай шабуылына ұшырап, далаға шығудан қалғандарын айтып шағымдануда, деп хабарлайды «24KZ» . Тұрғындардың сөзінше, қансорғыштардың көптігінен қалыпты өмір сүру мүлдем мүмкін болмай тұр. Әлеуметтік желілерде Шарбақты ауданына қарасты Шошқалы ауылында түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрлардан сары масалардың үйір-үйір болып ұшып, адамдарды қоршап жатқанын көруге болады. Масаның көптігі сондай, бұдан былай шыдау мүмкін емес. Үйден аттап шықсаң болды, бір үйір маса бірден бас салады. Көшеде олардың көптігінен тоқтаусыз ызың естіліп тұрады. Шаруашылықпен айналысу, бақшада жұмыс істеу, балалармен серуендеу немесе жай ғана таза ауада тұру мүлдем мүмкін емес. Тіпті, үй жанындағы әжетханаға барудың өзі нағыз азапқа айналды», – дейді күйінген ауыл тұрғындары. Мұндай қиын жағдай тек Шошқалыда емес, Шалдай ормандарының маңында орналасқан Бозалаң, Садықащы және Шалдай ауылдарында да қайталанып отыр. Ашынған халық жергілікті биліктен шұғыл түрде улау жұмыстарын жүргізуді талап етті. Павлодар облысы әкімдігінің түсіндіруінше, аймақтық бюджеттен бөлінетін дезинфекциялық қаржы тек Ертіс өзенінің жағалауындағы аудандарға (Павлодар, Ақсу қалалары, Май, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Аққулы және Тереңкөл аудандары) ғана қарастырылған. Ал Ертіс арнасынан тыс жатқан Успен, Шарбақты, Баянауыл және Екібастұздың ауылдық аймақтарында мұндай жаппай өңдеу жұмыстары жоспарланбаған екен. Ол жерлерде тек балалар лагерлері мен жекелеген нысандар ғана уланады. Алайда, тұрғындардың шағымынан кейін облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасы, арнайы ғылыми топ және аудан әкімдігі өкілдері аталған ауылдарға арнайы барып, тексеріс жүргізді. Мамандар соңғы 2-3 күнде шыбын-шіркейдің қалыптан тыс жаппай көбейгенін растады. Оған мына факторлар себеп болған: Орман өрттерін сөндіру кезінде су алу үшін жасалған жасанды су айдындары; Ауылдардың маңында пайда болған шағын жергілікті су қоймалары. Жағдайды тұрақтандыру үшін 10 маусымнан бастап аталған ауылдарда шұғыл түрде дезинсекциялық тосқауылдық өңдеу жұмыстары қолға алынды. Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта мамандар бүріккіштері мен ыстық тұман генераторларын қолдануда. Сонымен қатар, масаның дернәсілдерін құрту үшін су айдындары арнайы биологиялық «Бактицид» препаратымен өңделіп жатыр. Айта кетейік, биыл Павлодар өңірінде шыбын-шіркейді улау жұмыстарына заманауи дрондар да тартылған болатын. Ендігі кезек - осы шаралардың Шарбақты ауданында қаншалықты нәтиже беретіндігінде.
Go to News Site